Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб БҰҰ Даму Бағдарламасымен бірлесе отырып, Инвестициялар және даму министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Білім және ғылым министрлігінің инновациялық даму мәселелеріне жауапты мемлекеттік қызметшілеріне арналған «Инновациялық ортаны ілгерілету» тақырыбында семинар өткізді. Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің Төрағасы Алихан Байменов пен Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы Тұрақты өкілінің Орынбасары Мунхтуя Алтангерел семинарды ашып, жылы лебіздерін білдірді. Семинарда БҰҰ Даму Бағдарламасының Еуропа және ТМД елдері бойынша Стамбулдағы Өңірлік орталығының инновациялар бойынша маманы Милица Бегович Радоевич пен халықаралық Nesta (әлемнің көптеген мемлекеттеріне, оның ішінде Ұлыбританияның ұйымдары мен мемлекеттік мекемелеріне инновация бойынша кеңес беретін компания) аға менеджері Джулио Куаджиотто инновациялық ортаны құру және оны ілгерілету тәсілдерін, осы саладағы ғаламдық заманауи үдерістер туралы баяндады. Семинар барысында инновациялық тенденциялар, оларды анықтау жолдары мен даму мақсатында оларды қолдану, түрлі бизнес-модельдерді түсіну, инновациялық қызмет түрі ретінде гранттар беру механизмдері, бағдарламалық және жобалық қызметте инновациялық құралдарды қолдану тәсілдері талқыланды.