Өңірлік хаб басшысы Ә.Байменов Қытай елшісімен кездесті
Астана. 15 ақпан. Baq.kz – Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхуэймен кездесіп, мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастықты арттыру мәселелерін талқылады деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесуде комитет басшысы қонақты Хаб қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып, қазіргі уақытта ұйым ЭЫДҰ, ТМД, Орталық Азия және ASEAN мемлекеттерін қамтитын 32 қатысушы-елден тұратынын атап өтті. Ұйымның географиялық жағынан кеңеюі қатысушы-мемлекеттер ынтымақтастығының жаңа деңгейге көтеріліп, мемлекеттік қызмет саласындағы серіктестік пен әлеуеттің артып отырғанын көрсетеді. Қытай – Хаб құрылтайшыларының әрі белсенді қатысушыларының бірі.
Кездесу барысында былтыр желтоқсанда Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері мемлекеттік қызметкерлеріне арналған Қытай мемлекеттік басқару академиясымен бірге ұйымдастырылған семинардың табысты өткені айтылды. Хаб және Қытай мемлекеттік басқару академиясы 2015 жылы қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум негізінде әрі қарай бірлесе жұмыс істеу бағыттарын белгілеген.
Қазақстан Президенті қолдауымен құрылған Өңірлік хаб аймақтық және екі жақты қарым-қатынастырды нығайтуда, мемлекеттік қызмет саласында аймақ елдерінің уәкілетті органдарының өзара жұмыстарын жандандыруда тиімді құрал екендігін айтты Ханьхуэй Чжан мырза.
Астанадағы мемлекеттік қызмет бойынша Өңірлік хаб аймақ елдері үшін мемлекеттік қызмет саласында үздіксіз тәжірибе мен білім алмасудың институционалды негізі ретінде құрылған. Астана Сингапурмен қатар мемлекеттік қызмет саласындағы білім мен тәжірибенің, аймақтың өкілетті органдары үшін бірлесе жұмыс істеудің орталығына айналуда.