Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың «Сапалы мемлекеттік қызмет мақсатындағы әріптестік» атты конференциясы өтті.
Жиынды Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб Басқарушы комитеті Төрағасы Алихан Байменов, БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі және БҰҰ Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі Норимаса Шимомура, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Министрі Талғат Донақов және ЕО Қазақстандағы өкілдігінің Басшысы Траян Христеа алғы сөзімен ашты.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мемлекеттік басқару және өңірлік даму мәселелері бойынша Директоры Рольф Альтер кіріспе сөзінде Өңірлік хабтың кәсіби мемлекеттік қызметті ілгерілетудегі маңызды рөлін атап өтті. «Хаб құрылғаннан бері аймақтағы мемлекеттік қызметті трансформациялау мақсатындағы әлеуетті арттыру және инновациялық тәсілдерді тарату арқылы мемлекеттік қызметті дамыту саласында үздіксіз білім мен тәжірибе алмасудың мәртебелі әрі сан қырлы тұғырнамасына айналды», - деді Альтер. Сондай-ақ, Канада, Корея Республикасы және Францияның Қазақстандағы Елшілері Хабтың екі жақты және көп жақты ынтымақтастықты нығайтудағы орны ерекше екенін айтты.
Конференция жұмысына 30-дан астам ел өкілдері, оны ішінде Мемлекеттік басқару бойынша Америкалық қоғамдастық (АSPA) Атқарушы директоры Уильям П. Шилдс, Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы Еуропа Кеңесі мемлекеттері тобы (ГРЕКО) Төрағасы Драго Кош, Сингапурдағы мемлекеттік қызметті жетілдіру жөніндегі БҰҰ Даму Бағдарламасы Ғаламдық орталығының Директоры Макс Эверест-Филлипс және Қытай мемлекеттік басқару академиясының құрметі профессоры Сон Шимин қатысты.
Жиын барысында қатысушылар мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша пікірлесіп, тәжірибе алмасты, аймақтық әріптестікті нығайту және сарапшылар желісін дамыту жолдарын талқылады.
Сонымен бірге Өңірлік хабқа мүше елдердің өкілетті орган жетекшілері, атап айтқанда, Грузияның Мемлекеттік қызмет бюросы Директоры Екатерина Кардава, Украинаның Мемлекеттік қызмет бойынша ұлттық агенттік Жетекшісі Костянтин Ващенко, Польша премьер-министрі Кеңесшісі Кшиштоф Банас, Моңғолияның Азаматтық қызмет кеңесі тұрақты Өкілі Кхадкху Тогмида, Армения азаматтық кеңес Төрағасы Манвел Бадалян және басқалар мемлекеттік қызметтегі әріптестікті дамыту жөніндегі ойларымен бөлісті.
Конференция қатысушылары осы саладағы жаңа инновациялық шешімдер мен әр түрлі елдердің тәжірибелерімен танысып, Өңірлік хабты мемлекеттік қызмет саласында тұрақты білім мен тәжірибе алмасудың халықаралық тұғырнамасы ретінде атап өтіп, оның ауқымында әріптестікті әрі қарай жетілдіру идеяларын қарастыруға мүмкіндік алды.
Конференция жұмысына ҚР Президент әкімшілігі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі және басқа мемлекеттік органдар, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, БҰҰ Даму бағдарламасы, ЭДЫҰ, Еуропалық одақ, Қазақстанда аккредитацияланған дипломатиялық миссия өкілдері қатысты.
Leave a Reply