ЭЫДҰ мемлекеттік қызметті реформалау саласында Қазақстанмен тәжірибе бөлісуге дайын
× Reading mode
04.04.2016

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттік қызметті реформалау саласында Қазақстанмен тәжірибе бөлісуге дайын. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана өңірлік хабы мен ЭЫДҰ арасында ынтымақтастық жөніндегі құжатқа қол қойылғаннан кейін аталған ұйымның мемлекеттік басқару және өңірлік даму мәселелері жөніндегі директоры Рольф Альтер айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Менің ойымша, біз Қазақстанмен тамаша әріптестік және достық қарым-қатынас орната алдық. Бұл елдің азаматтары мемлекеттік қызметті реформалауға зор ынта-ықылас танытып отыр. Мемлекеттік қызмет азаматтар мен бизнес-қоғамдастыққа ең жақсы қызметтер көрсетуі тиіс», – дейді Р.Альтер.

Бұл орайда, оның айтуынша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекетттік қызмет саласында Қазақстанмен ғана емес, көрші елдермен де оң тәжірибесі және озық амал-тәсілдерімен бөлісуге дайын.

«2015 жылдың қыркүйегінде әлемнің тұрақты дамуының мақсаттары жарияланғаны белгілі. Осыдан кейін мемлекеттің табысты дамуы үшін сапалы үкімет пен кәсіптік мемлекеттік қызмет қажет екені айқындалды. Бір айта кетерлігі, Қазақстан бұл жұмысты БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары жарияланғанға дейін бастап кетті. Біз бұдан жақсы хабардармыз», – дейді ол.

Айта кетейік, бүгін «Сапалы мемлекеттік қызмет мақсатындағы әріптестік» конференциясы аясында Мемлекетттік қызмет саласындағы Астана өңірлік хабы мен ЭЫДҰ арасында ынтымақтастық жөніндегі құжатқа қол қойылды.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы дамыған 34 елді біріктіреді және Астана өңірлік хабы құрылтайшыларының және негізгі серіктестерінің бірі.

×